ИСЛАМДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Ата-ана болу – Алла Тағала тарапынан берілген ең үлкен сый. Ислам бойынша дүниеден өткен ата-ананың артында қалған салихалы өнегелі ұрпақтың жасаған дұғасы мен істеген ізгі амалдары олардың сауаптарын толықтырады және қияметке дейін сауаптары жалғаса береді. Мұхамед Пайғамбардың (с.ғ.с.) мына бір хадисі осыған дәлел: «Адам өлгеннен кейін оның амал дәптері жабылады. Бірақ мына үш жақтан оған сауап жазылуы жалғаса береді: Жария садақа (Адамдарға және қоғамға жиі пайдасы тиетін істер мен құрылымдар), адамдарға қалдырған пайдалы ілімі, оған әр уақытта дұға етіп жүретін салих(жақсы тәрбиелі) бала», - деген. Осы дүниеде ата-ананың бақыты, қуанышы – сәби. Сондықтан әрбір ата-ана Алла Тағаладан жақсы перзент беруін тілейді, қашан да оған мұқтаж болады. Асылында, бала тәрбиесі ықылым заманнан бері маңыздылығын жоймаған, тіпті елдің өзіндік тектілігін айқындайтын өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Тәрбие сөзі «التربية» араб-парсы тілдерінен енген, қазақ тіліне аударғанда «негіз, асырау, баулу»,– деген мағыналарды білдіреді. Тәрбиенің білушінің білмейтінге үйретуі десек те болады. Тәрбие, алдыңғы буын өкілдерінің кейінгі буын өкілдеріне ілім-білімдерін үйретуі деп айтқандар да бар. Тәрбиенің негізгі мақсаты жаман мінез-құлықтан жақсы мінез-құлыққа, адамзатқа пайдалы өнеге болатын үлгілі - адам тәрбиелеу. Тәрбие ұғымын Мұхаммед пайғамбардың міндеті жағынан алып қарайтын болсақ «тәблиғ»-жеткізуші, «муршид»- жол көрсетуші деген мағынаға келеді. Тәблиғ және муршид сөздері тәлім-тәрбие мағынасын өз ішіне қамтиды. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деген сөзімен тәрбиенің мақсатын көркем мінезге қол жеткізу, қасиеттілікке ие болу деп айтсақ қателеспейміз. Ислам тәрбиесінің мақсаты - адамдарды ешкімге зияны тимейтін, қоғамда тек жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыя алатын адам қалыптастыру.
Back to Top