2021 жылдан бастап коронавирусқа қарсы вакцина егіледі

Қазақстандықтарға 2021 жылдан бастап ерікті түрде коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егілмек. Отандық дәрі алғашқы кезеңде дәрігерлер мен педагогтарға, күштік құрылымдардың қызметкерлеріне салынады. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. Үкімет басшысының сөзінше, 29 қарашада клиникалық сынақтардың 1-ші және 2-ші кезеңдері аяқталған. Нәтижесінде вакцинаның кері әсері табылмапты әрі ол өзінің тиімділігін көрсеткен. Ал 25 желтоқсанда басталатын сынақтардың 3-ші кезеңінде 3 мың еріктіге екпе жасалады. Сынақтар 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады. Ал осы жыл біткенше отандық вакцинаның алғашқы партиясы 2 миллион доза көлемінде шығарылмақ. Тағы бір атап өтерлігі, 22 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ресейлік “Спутник V“ вакцинасын өндіру қолға алынады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі вакцина Қарағандыдағы фармацевтика зауытында шығарылуы мүмкін деді.
Back to Top