Жазушы, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова елді күлдіремін деп, талай нәрсені бүлдіріп жүрген әртіс еркектерді қатаң сынға алды. Соның ішінде жігіттердің әйел болуға әуес болып бара жатқаны қынжылтып жүргенін жасырмады.
«Айта-айта шаршадым, бірақ әлі айтып жүрмін. Теледидарды бұрап қалсам, жаңағы “Шаншардың“ көрінісі болып жатыр. Бір кемпір сөйлеп тұр, оның өзі еркек. Байқайсыздар ма, біздің қазақтың жігіттері қатын болуға әуес болып алды қазір.
Іштерінде бірдеңе түрткілеп тұрады. Солардың бар ғой бір бәлесі бар. Әйтпесе дардай ер азаматтар неменеге сонша әйел болуға тырысады? Басына орамал салып, үстіне көйлек киіп. Ойбай-ау, сонда әйелдің рөлін ойнайтын қыз-келіншектер құрып қалды ма? Толып жатыр. Бірақ та үп-үлкен ер азаматтар әйел болуға құмар болады да тұрады. Ырбыңдайды да тұрады, ырбыңдайды да тұрады. Соны керемет келістіріп те жатқан жоқ», - деп ашынды Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.