Мерген ТОҚСАНБАЙ. ӨЛЕҢ. ПОЭЗИЯ. Ұп-ұзақ түн өтті-ау...

* * * Ұп-ұзақ түн өтті-ау, қамығып. Қып-қысқа сарғайған таң – үміт. Шоп-шолақ түсімнің иесі өзіңді, Оп-оңай ұмытпай, сағынып, Там-тұмдап сабырдан арылып, Ап-ауыр бір ойға малынып. Шап-шағын бөлмеме сия алмай, Үп-үлкен әлемнен сені іздеп, сабылып... Жап-жарық жалғанды түрлентіп, Жап-жасыл Бағымды бүрлетіп. Көкпеңбек көктемгі жусанның, Жеп-жеңіл жұпарын үрлетіп. Тап-таза көңілмен – ұдайы жас, Біп-биік еңсем бар – мұңаймас! Ес-түссіз жүрегім сезімге шіп-шикі мас бүгін, удай мас. Тұп-тұлдыр төзімсіз қалып Мен, Дәп-дәл сол елгезек қалыппен. Тұп-тура жаныңа жетсем ғой, Жып-жылдам! Жарысып жарықпен! Қым-қиғаш жолдардан бүкіл көп, Аман-сау жеткенге шүкір деп. Жұп-жұқа көйлектің астында, Нәп-нәзік Жүрегің лүпілдеп. Тұп-тұнық жүзіңнен Ай көріп, Жап-жарқын күлкіңде қайғы өліп. Сұп-суық Тағдырым тоңдырса, Ып-ыстық құшағың жай келіп. Қап-қалың шашыңды тарқатып, Қып-қызыл ерініңнен бал татып. Қап-қара түн өтіп қойныңда, Аппақ боп қасыңда таң да атып.
Back to Top