Биыл елімізде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтуде. Балабақшадағы бүлдіршіннен бастап бейнеттің зейнетін көріп жүрген қарияға дейін егеменді елдің бақытты тұрғыны екенін сезінуде.
Азғантай уақыттың ішінде әсем астанамыз Нұр-Сұлтанды тұрғызып, Тәуелсіз Қазақстанды әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қостық. Оған Елбасының ерен еңбегінің арқасымен қатар әрбір қазақстандықтың маңдай тері септігін тигізді.
Елордада дүниеге келген Айару есімді оқушы Қазақ елінің бас шаһарында дүниеге келгеніне мақтанады.
– Қазақстан – бейбіт ел. Теледидардан көріп жүргенімдей басқа елдердегідей бізде соғыс жоқ. Менің қалам сондай көркем әрі тыныш. Мектепте алаңсыз оқып жатырмын, міндетім оқуда озат болу. Болашақта дәрігер болуды армандаймын. Оған мүмкіндік көп. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасы, – деген Айару туған еліне деген алғысын білдірді.