Зинаның ақыреттік азабы
Шариғатта зина жасаған кісі Құран тілімен айтқанда «зинақор» деп аталады. Енді зина етушінің ақыреттік жағдайы да жақсы болмайтынын ұмытпауымыз керек. Алланың харам еткен амалын жасаған пенде оның жазасын алары сөзсіз. Сондықтан ислам бізге некелесіп, Алланың құзырында адал некемен отбасы құруымызды бұйыруда.
Ардақты Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ зинаның бұ дүниелік және о дүниелік зардабы жайында былай деп ескерткен: «Ей, адамдар! Зинадан сақтаныңдар. Өйткені зинаның алты үлкен зияны бар. Оның үшеуі осы өмірде, үшеуі ақыретте. Осы дүниедегі көретіні: жүздің ажары мен нұрын кетіреді, кедейлікке ұшыратады, өмірін қысқартады. Ақыретте көретіні: Алланың ашуына себеп болады, сұрағы қатты болады, тозақ азабына тартылады»[15].
Сол секілді зинақордың ақыреттегі азабы тозақ оты екендігі мына бір хадисте де айтылады: «Зина етушінің жүзі тозақта жанатын болады»[16].
Зинадан сақтанудың жолы
Дініміз зинақорлық індеттің алдын алу үшін мұсылман баласына үйленуді бұйырады.